22 Наурыз. Мәзір: Бауырсақтар

22 Наурыз. Мәзір: Бауырсақтар
Фото: massaget.kz

Бауырсақ халықымыздың ертеден келе жатқан, кәделі ұлттық тағамы. Бидай ұнынан иленіп, ашытылған қамырды әртүрліше кесіп, қыздырылған майға пісіреді. Бұл басқа нан тағамдарына қарағанда дәмді әрі көп сақталатын түрі. Бауырсақтар - қазақы дарқан дастарханның ең басты ажары десек, артық айтқандық емес. 22 Наурыздың мерекелік дастарқанында бауырсақтар міндетті түрде болуы керек. Назарларыңызда оларды дайындаудың оңай әдісі.

Құрамы:

  • ұн;
  • сүт - 1/2 литр;
  • жұмыртқа - 1 дана;
  • ашытқы - 1 ас қасық;
  • тұз - 1/2 ас қасық;
  • майонез - 2-3 ас қасық;
  • сары май - 50 гр;
  • қант - 1 ас қасық;
  • сұйық май;


Ашытқыны бір стақан суға салып ерітеміз. Осы суға тұзды қосып, 5-10 минутқа қоямыз. 

Жылы сүтке жұмыртқа, сары май, майонез, қант және ерітілген ашытқыны қосып, жақсылап араластырамыз.

Сүтті қоспаға біртіндеп ұн қосып араластырамыз.

Қамырды жұмсақ болатындай илейміз.

Бетін жауып, 2-2,5 сағатқа жылы жерге қоямыз.

2 сағаттан кейін қамырға ұн қосып, қайта илейміз.

Қамырды қолымызбен басып жаямыз.

Оқтаумен қамырды қалыңдау етіп жаямыз. Қамырды жұқа жайып жібермеңіздер.

Қамырды пышақпен қиық пішінді бауырсақтарға бөлеміз.


Бауырсақтарды қыздырылған майға екі жағынан пісіреміз. Майдың қатты ысып кетпеуін қадағалаңыз. Сондай-ақ бауырсақтарды күйдіріп жібермеңіздер. Олардың пісуне аз уақыт та жетеді.

22 Наурыздағы дастарқанның басты тағамдарының бірі - бауырсақтар дайын! Астарыңыз дәмді болсын!

С. А