Жаңажылдық маникюр

Жаңажылдық маникюр

Жаңажылдық кешке дейін аз ғана уақыт қалды. Жылдың басты кешінде жарқырау үшін киген көйлекке, макияжға сай жаңажылдық маникюр таңдау керек. Үйреншікті лак түрлерінен шаршасаңыз, бізбен бірге жаңа маникюр түрлерін таңдаңыз.

Диско стиліндегі маникюр

Әрине күнделікті жұмысқа не сабаққа мұндай тырнақтармен бара алмаймыз. Ерекше, жарқын, жылтыр маникюр үшін ең лайықты кез –Жаңажылдық кеш. Диско стилі қара, күңгірт түсті көйлектермен жарасады, бейнеңізге мерекелік сән береді.

Қызыл классика

Қызыл түсті маникюр – нағыз классика. Салтанатты ұзын көйлектермен қызыл түсті тырнақтар ерекше жарасады. Қызыл + қара үйлесімі де өте сәнді көрінеді. Қызыл бояуды қызыл көйлек не жейдемен бірге үйлестіріп қателесіп қалмаңыз. Күнделікті қызыл маникюр жасап жүріп, оған үйреніп қалған арулар Жаңа жыл кешіне жылтыры бар лак таңдасын. Ал жаңажылдық тақырыпты байқату үшін бір тырнаққа шырша салуға болады.

 Қара сұр түсі


Қара сұр түсі жылдың суық маусымдарында сәнқой қыздардың тырнақтарынан жиі көріне бастайды. Тырнақта бұл түс өте сәнді көрінеді. Осындай лактың үстінде ашық түсті бояумен түрлі өрнектер, суреттер салуға болады.

Анимализм

Жаңажылдың маникюр түрлерінің арасында ең ерекшесі анимализм стилінде жасалғаны болар. Тырнақта салынған бұғының суреті сізге нағыз жаңажылдық көңіл күй сыйлайды.

Көгілдір-жасыл түстер


Келер жыл шығыз күнтізбесі бойынша көк немесе жасыл Жылқы жылы болады. Сондықтан көк, көгілдір, жасыл түстерінде орындалған маникюр Жаңа жыл кешінде актуалды болады. Тырнақты әсемдеу үшін лак бетінде қар, аққала салып көріңіз. Сондай-ақ көгілдір, жасыл түстері алтын, күміс жылтырымен жақсы жарасады.

Қар

Әрине қысқы мерекелер кезінде ең актуалды принт – қар болмақ. Қарды дайын трафареттер көмегімен, немесе инемен ақ лакпен салуға болады.

Мереке күнінде маникюрға уақыт қалмауы да мүмкін. Маникюрды тез арада таңдап, оны алдын ала жасап қойғаныңыз жөн. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: pinterest.com

С. А