Сөздер сөйлейді. Емсеу, жемсеу

Сөздер сөйлейді. Емсеу, жемсеу
Фото: blog.rentier-investor.com

Махамбет ақынның Баймағамбет сұлтанға айтқан атақты сөзінде:

Еділді көріп емсеген, 
Жайықты көріп жемсеген, 
Таудағы тарлан шұбар біз едік, 
 деген жолдар бар. Мұндағы емсеген сөзінің түбірі еңсеу, аңсау — бір нәрсені қатты қалау, тілеу, құмарту. 1912 жылы Қазанда шыққан "Ақын" атты кітапта:

Адыра қалғыр Көк Жайық, 
Садағын сала байланып, 
Астана жұртын айналып, 
Ерлерім еңсеп келген жер, 
 деген жолдар бар. Осындағы еңсеу сөзі мен Еділді көріп емсеген деген сөз бір деп танимыз. "Шора батыр" жырында:

Тауда өскен тас түлек, 
Еңсейді де жемсейді, 
 деп келеді. 

Қазақ тілінде аңсау вариантында айтылатын бұл сөз өзге кейбір түркі тілдерінде, мысалы, қырғыз тілінде еңсеу түрінде айтылады. Ал аңсау вариантының қырғыз тіліндегі негізгі мағынасы "шөлдеу", "сусау". Бұл жерде ң мен м дыбыстарының алмасып келуі келесі тармақтағы жемсеген сөзіне ұйқасуынан болу керек. Өйткені бұл сөздің еңсеу варианты қазіргі қазақ тілі үшін түсініксіз: бейтаныстау сөздің тұлғасын өзгерте салу — тілде бар құбылыс. 

Келесі жолдағы жемсеген сөзінің түбірі — жемсеу. Жем сөзіне -се жұрнағы қосылып жасалған. Көне -са, -се жұрнағы бір нәрсені қалау, тілеу мағынасын беретіндігі Махмуд Қашғаридан бастал көрсетіліп келеді. Мысалы, Махмуд Қашғари сөздігінде "ол сатқысы келеді" дегенді - сатсады деп, "су ішкісі келеді" дегенді сусады деп, "май жегісі келді" дегенді йағсады (йағ — көне түркі тілдерінде "май" деген сөз) деп көрсетілген. Сонда "жемсеу" — "жем жегісі келу" деген сөз болып шығады. Бұл да көне, сирек қолданылатын сөз. 

Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен

Ж. Исакаев